«АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ  «ЕРКЕМАЙ» БАЛАБАҚШАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ  ҚАЗЫНАЛЫҚ   КӘСІПОРНЫ
«ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «ДЕТСКИЙ САД «ЕРКЕМАЙ»  ГОРОДА КОКШЕТАУ» ОТДЕЛА ОБРАЗОВАНИЯ ПО ГОРОДУ КОКШЕТАУ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ

Құрметті отандастар!

Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды.

Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді.

Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. 

Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау - едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. 

Сондықтан, оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. 

Сондай-ақ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік.

Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік.

Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. 

Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр.

Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық.

Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз.

Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз.

Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек.

Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.

Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз.

Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді.

Біздің мұратымыз - Жаңа Қазақстанды құру.

Бұл нені білдіреді?

Жаңа Қазақстан дегеніміз - егемен еліміздің болашақтағы бейнесі.

Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. 

Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады.

Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз. 

Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз.

Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.  

Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады.

Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады.  

Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады.

Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын.

Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз.

Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек.

Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. 

Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс.

Мұның бәрі - оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс.

Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. 

Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда.

Сондықтан, баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын.

Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін.

*  *  *

Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр.

Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек.

Негізгі міндет - осы!

Біз ең басты құндылығымыз - Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз.

Бұл - болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес.

Осының бәрі халқымыздың әлем қауымдастығы алдындағы абыройын төмендетеді.

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек.

Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін.

Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады. 

Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған.

Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз. 

Біз жаңа Қазақстанда "түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын берік ұстануға тиіспіз.

Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады.

Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. 

Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз.

Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. 

Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.

Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз.

Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз. 

Біз кез келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.

Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді.

Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын.

Ең бастысы - еліміздің егемендігі!

Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат.

Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес.

Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ.

Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны  толғандырады.

Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу - мен үшін аса маңызды міндет.

Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!

Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау - мен үшін киелі парыз.

Жаңа Қазақстан - жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.

Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын!

Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!

Баршаңызға рақмет!

Жаңартылған күні: 25.03.2022 11:53
Құрылған күні: 25.03.2022 11:53

Текст