Балабақшада балаларды тамақтандыруды дұрыс ұйымдастыру туралы
Балалар денсаулығын сақтау жөніндегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне сәйкес ҚР "Білім туралы" заңымен білім беру ұйымдарында аурулардың алдын алу, оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту, физикалық жетілдіру, саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша қажетті шаралардың орындалуы қарастырылады. Өсуші организмді дамыту мен денсаулықты нығайтудың маңызды факторы тамақтану екендігі сөзсіз.
Балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін, негізгі тағамдық сұраныстары мен энергиясын, күн тәртібін, жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың тамақтануын дұрыс ұйымдастыру дені сау баланың дамуын анықтайды.
Балалар мен жасөспірімдердің тамақтануын ұйымдастырудың гигиеналық аспектілері мен білім беру ұйымы жанындағы тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ҚР денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымен бекітілген қолданыстағы "Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында баяндалған.
Қазіргі кезде ұтымды тамақтануды ұйымдастыру мәселесі бойынша көптеген ұсынбалы әдебиеттер – әдістемелік ұсыныстар, оқулықтар, жинақтар және т. б. шығарылды, сондай-ақ оларды балалар ұйымының басшылары мен медициналық қызметкерлері өз жұмысында қолдануы тиіс.
Внимание: балалар 3,4–4 сағаттан аса уақыт болатын білім беру ұйымдарында тамақтануды міндетті түрде ұйымдастыру керек. Бұл мәселе білім беру қызметін лицензиялағанда біліктілік талаптарының тізіміне де кіреді.
Балабақшаға арналған перспективалық мәзір
Объектілердегі тамақтандыру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың 101-тармағына сәйкес объектілерде объекті басшысы бекіткен перспективтік маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық мәзір жасалады.
Мәзір жасау кезінде өңірде шығарылатын отандық өнімдер ассортименті ескеріледі. Балаларды тамақтандыру рационында витаминді-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді.
Тамақтанудың іс жүзіндегі рационы бекітілген перспективтік ас мәзіріне сәйкес келуі тиіс. Ерекше жағдайларда осы Санитариялық қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес тамақ өнімін алмастыруға жол беріледі.
Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау температурасы төмен тоңазытқыш жабдықтарында және (немесе) тоңазытқыш камераларында және (немесе) тоңазытқыштарда жүзеге асырылады. Температураны бақылау үшін термометрлер орнатылады. Сынап термометрлерін пайдалануға жол берілмейді.
Күн сайын тамақтанатын балалардың саны, жасына байланысты граммен дайын тағам порциясының массасы, сондай-ақ әрбір тағам бойынша өнімдер шығысы көрсетіле отырып әрбір тамақтануға тағамдар тізбесі көрсетілетін тарату-ас мәзірі парағы жасалады және ілінеді.
Ас мәзірінде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2 - 3 күнде қайталауға жол берілмейді.
Тағамдар порцияларының массасы осы Санитариялық қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес көзделеді. Күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құстың еті күнтізбелік жеті күнде бір рет қосылады.
Таңғы ас ыстық тағамнан (бірінші немесе екінші) және ыстық сусыннан, жұмыртқа, сары май немесе ірімшік қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырындар, жемістер көзделеді.
Түскі ас салат, бірінші, екінші (негізгі ыстық тағам еттен, балық немесе құстан) және үшінші (компот, шай, шырындар және кисель) тағамнан тұрады. Пісірілген және жас көкөністерден күрделі емес салаттар дайындалады.
Бесін асқа ас мәзіріне кремсіз тоқаш немесе кондитерлік бұйымдармен бірге сусынды (сүт, қышқыл сүт өнімдері, шырын, кисель және басқалары) қосады.
Кешкі ас көкөніс (сүзбе) тағамынан немесе ботқадан; негізгі екінші тағамнан (ет, балық немесе құс), сусыннан (шай, шырын, компот және кисель) тұрады. Екінші кешкі ас ретінде қосымша жемістерді немесе қышқыл сүт өнімдерін және кремсіз тоқаш немесе кондитерлік бұйымдарды қосады.
Тамақтандыру арасындағы интервал 3,5 - 4 сағаттан аспауы тиіс.
Балабақшада тамақтандыру нормалары
Тамақтану нормалары "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздаы № 320 қаулысына сәйкес көзделген.
Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдауды осы Санитариялық қағидаларға 8-қосымшаның 1-нысанына сәйкес тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатының бракераж журналына деректерді енгізе отырып, олардың сапасы және қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырады.
Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар объектілердің ас блогында сақталады.
Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдері және оларды сақтау шарттары өндіруші (дайындаушы) белгілеген жарамдылық мерзімдеріне сәйкес келуі тиіс.